Маған әсіресе қатты әсер еткені – ауыл тұрғындарына деген қамқорлық болды. Біздің халқымыздың 42 пайызға жуығы әлі де ауыл тұрғындары болып есептеледі. Міне, сол халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдауда айрықша қамқорлық жасалғалы отыр. Оларға жеңілдетілген өсім пайызымен жылына 14 мыңға дейін несие берілетін болды. Бүгінгі күнгіден бұл екі есе көп. Кемінде 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді деген сөз. Өйткені бір отбасының қарамағында 3-4 адамы болады ғой. Сөйтіп, ауыл тұрғындары қатты серпіліп, өздерінің материалдық жағдайын арттыруға қол жеткізетін болады. Сонымен қатар мені қатты тәнті еткен мәселе – студенттердің жатақханалармен қамтылуы болды. Қазір грантпен оқып, жатақханаларда тұрып жатқандар негізінен ауыл тұрғындары. Міне, осы талапты жастарға қосымша гранттар бөлінуімен қатар жаңа жатақханалармен қамтамасыз ету қарастырылып отыр. Әсіресе ауылшаруашылық техникаларын игеруге маманданатын жастарға айрықша қамқорлық қарастырылған. Сонымен қатар жалақысы төмен адамдарға салықтық жүктемені азайту бастамасы да халық арасында үлкен серпіліс әкелері сөзсіз. Оның көлемі бұрынғы 10 пайыздан 1 пайызға дейін түсірілетін болды.
Меніңше бұл бастамаларды халық үлкен қуанышпен қарсы алып, қолдайды. Елбасы Үндеуі биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында халыққа айрықша тарту болды деп есептеймін.
Әли БЕКТАЕВ,
Сенат депутаты,
«Ауыл» партиясының төрағасы